$ 494.28 € 587.06 ₽ 6.4

Қазақстан Қырғызстанның жерін 49 жылға жалға алды

Абдрахманов Мағжан
12 ақпан 2026, 16:06
Қазақстан Қырғызстанның жерін 49 жылға жалға алды Сурет авторы: concept.kg

Қазақстан Қырғызстан аумағындағы курорттық нысандар орналасқан шамамен 59 гектар жерді 49 жыл мерзімге жалға алады. Екі ел арасындағы тиісті келісімді Сенат ратификациялады.

Келісім Ыстықкөл жағалауындағы төрт нысанға қатысты. Олар – «Қазақстан» шипажайы, «Самал» демалыс үйі, «Университет» лагері және «Олимп» спорт орталығы. Осы нысандар орналасқан жер телімдері Қазақстанға ұзақ мерзімді жалға беріледі. Қырғыз тарапы бұл аумақтар жал мерзімі ішінде қайтарылып алынбайтынына кепілдік берген.

Келісімге сәйкес, Қазақстан аталған нысандарды 3–4 жұлдызды деңгейге дейін жаңғыртып, жыл бойы жұмыс істейтін форматқа көшіруі тиіс. Жаңғырту мерзімі 2029 жылдың соңына дейін ұзартылған. Жобаға инвесторлар тартуға рұқсат етіледі, алайда қызметкерлердің кемінде 80 пайызы Қырғызстан азаматтары болуы шарт.

Қазіргі таңда жаңа «Қазақстан» шипажайының құрылысы жүріп жатыр. Оны 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Ескі ғимараттар бұзылып, тек Дінмұхамед Қонаевтың саяжайы сақталады. Ол нысан музей ретінде қайта жасақталмақ.

Қалған демалыс орындары бойынша қайта жаңғырту жобалары әзірленіп, қаржыландыру көздері қарастырылып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар