$ 454.46 € 527.72 ₽ 5.25

Қазақстан Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге өндіруді уақытша тоқтатты

Абдрахманов Мағжан
09 қыркүйек 2026, 09:30
Қазақстан Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге өндіруді уақытша тоқтатты Сурет авторы: gov.kz

Қазақстан Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company компаниясынан 2,3 трлн теңге, шамамен 5,1 млрд доллар өндіруге қатысты атқарушылық істі уақытша тоқтатты. Бұл туралы Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпарат жүйесінде айтылған.

Компанияға қатысты атқарушылық іс биыл 21 шілдеде қозғалған. 7 қыркүйекте оның мәртебесі «тоқтатылды» деп өзгерген. Ресми органдар істі уақытша тоқтатудың нақты себебін әзірге түсіндірген жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, NCOC атқарушылық іс аясындағы әрекеттерге байланысты сотқа шағым түсірген.

2,3 трлн теңгелік талап 2023 жылы Қашаған кен орнында күкіртті шамадан тыс сақтауға байланысты қойылған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мұны экологиялық талаптардың бұзылуы деп бағалаған. NCOC айыппен және оның көлемімен келіспей, халықаралық төрелікке жүгінген.

Қашағанды NCOC халықаралық консорциумы игереді. Оның құрамына Shell, TotalEnergies, ExxonMobil және CNPC секілді ірі мұнай-газ компаниялары кіреді. Қазіргі уақытта экологиялық айыппұлға қатысты дау халықаралық төрелікте де қаралып жатыр.

Атқарушылық істің уақытша тоқтатылуы 2,3 трлн теңгелік талаптың күшін жойды деген сөз емес. Әзірге тек қаражатты мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі тоқтатылғаны белгілі.

Соңғы жаңалықтар