$ 469.83 € 536.83 ₽ 5.97

Қазақстан Қара теңіздегі мұнай таситын кемелерге жасалған шабуылды айыптады

Абдрахманов Мағжан
19 шілде 2026, 22:18
Қазақстан Қара теңіздегі мұнай таситын кемелерге жасалған шабуылды айыптады Сурет авторы: КҚК

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңізде Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын айыптады. Министрлік мұны Қазақстанның экономикалық мүддесіне қол сұғу деп бағалады. 

СІМ мәлімдемесінде мұндай шабуылдар халықаралық саудаға, әлемдік қуат нарығына және жүк жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айтылған. Ведомствоның мәліметінше, Қара теңізге КҚК терминалдарында мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы алдын ала мәлімет алмасу тәртібі ескерілмеген. 

Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық мұнайды сыртқа шығаруға арналған инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Сондай-ақ серіктес елдерді болған оқиғаны айыптап, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін нақты шаралар әзірлеуге шақырды. 

Қазір Қазақстан шабуылдардан келген шығын көлемін бағалап жатыр. СІМ бағалау қорытындысы бойынша халықаралық құқықта қарастырылған тетіктерді, соның ішінде шығынды өтеу туралы талап қою мүмкіндігін қолдану құқығын сақтайтынын мәлімдеді. 

19 шілдеде Қара теңіздегі КҚК теңіз терминалы маңында қазақстандық мұнай тиеп жатқан ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне шабуыл жасалғаны хабарланды. Кемелерде халықаралық құрамдағы экипаж болған.

Соңғы жаңалықтар