$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Қазақстан әуе кеңістігінде екі ұшақ соқтығыса жаздады

Абдрахманов Мағжан
13 қаңтар 2026, 16:25
Қазақстан әуе кеңістігінде екі ұшақ соқтығыса жаздады Сурет авторы: pixabay

10 қаңтар күні Қазақстанның әуе кеңістігінде екі жолаушылар ұшағы бір-біріне қауіпті деңгейде жақындап, авиациялық қауіпсіздіктің ең төменгі талаптарын бұзған. Бұл туралы Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті хабарлады.

Оқиға шамамен сағат 05:42-де Шымкент аймақтық диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында болған. Бір әуе секторында бір мезетте «Победа» әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы (PBD997 рейсі, Внуково – Самарқанд бағыты) және Uzbekistan Airways әуе компаниясының Airbus A320 ұшағы (UZB9609 рейсі, Термез – Мәскеу бағыты) ұшып жүрген.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жағдай әуе кемелерінің қауіпті жақындасуы ретінде тіркеліп, ауыр авиациялық инцидент санатына жатқызылған және міндетті түрде тергеуге алынады.

Аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрылады. Ол әуе кемелерінің қауіпті жақындасуына не себеп болғанын, оның ішінде әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі ықтимал қателіктер мен экипаждардың әрекеттерін анықтайды.

Департаменттің хабарлауынша, мұндай оқиғаларды тергеу мерзімі, әдетте, үш айдан аспайды, алайда қосымша сараптамалар қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар