$ 469.59 € 536.22 ₽ 5.96

Қазақстан 2,3 триллион теңге айыппұлды төлемесе NCOC компаниясын қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
22 шілде 2026, 17:51
Қазақстан 2,3 триллион теңге айыппұлды төлемесе NCOC компаниясын қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстан билігі Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company компаниясы 2,3 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды төлемеген жағдайда қылмыстық-құқықтық шараларға жүгінуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC компаниясына айыппұлды төлеу жөнінде талап қойған. Бұған дейін билік компания 20 шілдеге дейін қаражатты аудармаса, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылып, талап етілген соманың 10%-ы көлемінде қосымша төлем ұсталуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстан NCOC-дан табиғатты қорғау талаптарын бұзғаны үшін шамамен 2,3 трлн теңге, яғни 4,9 млрд долларға жуық айыппұл төлеуді талап етіп отыр. Алайда халықаралық төрелік сот бұған дейін Қазақстан үкіметіне бұл соманы компаниядан мәжбүрлеп өндіруге уақытша тыйым салған.

NCOC тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Компания консорциум құрамындағы Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC және өзге де қатысушылар өз құқықтарын қорғау үшін заңда көзделген барлық тетікті пайдаланатынын хабарлаған.

NCOC Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі Қашаған кен орнын игереді. Экологиялық айыппұлға қатысты дау Қазақстан билігі мен халықаралық мұнай компаниялары арасындағы ең ірі құқықтық тартыстардың біріне айналып отыр.

Соңғы жаңалықтар