$ 471.77 € 547.25 ₽ 6.6

Алғаш рет қазақ қызы АҚШ елшісі атанды

Абдрахманов Мағжан
20 мамыр 2026, 09:39
Алғаш рет қазақ қызы АҚШ елшісі атанды Сурет авторы: Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі

Қазақстанда туған Әсел Робертс АҚШ тарихында алғаш рет елші қызметіне тағайындалды. Оның кандидатурасын АҚШ Сенаты ресми түрде мақұлдады.

Робертс Словениядағы АҚШ елшісі қызметін атқарады. Оның кандидатурасын бұған дейін Дональд Трамп ұсынған болатын. Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі бұл тағайындауды тарихи оқиға деп бағалап, дипломатты құттықтады.

Асель Робертс – АҚШ дипломатиясында жоғары қызметке жеткен алғашқы этникалық қазақ. Оның Вашингтондағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, Джорджтаун университетін тәмамдаған.

Дипломат әр жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінде жоғары деңгейдегі келіссөздерді үйлестіріп, Ақ үйде жауапты қызметтер атқарған. 2020–2021 жылдары әкімшілік ауысу кезеңінде АҚШ-тың бас протоколдық кеңесшісі міндетін уақытша орындаған.

Сенаттағы тыңдауда Робертс Словенияны еуроатлантикалық аймақтағы маңызды серіктес ретінде атап өтті. Ол жаңа қызметінде трансатлантикалық сауданы дамыту және НАТО аясындағы байланыстарды нығайтуға басымдық беретінін айтты.

Соңғы жаңалықтар