$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Қайсар Қамзаның 182 мың доллары бұғатталды

Абдрахманов Мағжан
14 қаңтар 2026, 09:51
Блогерге халықаралық іздеу жарияланды
Қайсар Қамзаның 182 мың доллары бұғатталды Сурет авторы: instagram.com/qais_arr

Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Камзаны халықаралық іздеуге жариялады. Сондай-ақ оның 182 мың АҚШ долларынан асатын криптоактивтеріне тыйым салынды.

Ведомство мәліметінше, ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Тергеу деректеріне сәйкес, Қайсар Камза Instagram желісінде qais_arr лақап атымен (2,4 млн жазылушы) және «Қора энтертейнмент» атты жабық Telegram арнасының әкімшісі ретінде (368 мың қатысушы) тұрақты түрде заңсыз құмар ойын платформасына сілтемелер мен тіркелуге шақыратын контент жариялап отырған.

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, блогер бейнероликтердің астына жеке промокод қалдырып, ойыншыларға түрлі бонустар алуға мүмкіндік берген. Осы тәсіл арқылы ол азаматтарды құмар ойындарға тартып, платформа тарапынан сыйақы, бонус немесе пайыздық табыс алып отырған.

Тергеу барысында заңсыз табысты жасыру үшін криптовалюта әмияндары пайдаланылғаны анықталды. Аталған әмияндарға онлайн-казиноны ұйымдастырушылардан төлемдер түскен.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар