$ 487.44 € 567.38 ₽ 6.62

«Кайраттың» екі футболшысы Forbes тізіміне енді

Редакция
05 маусым 2026, 12:43
«Кайраттың» екі футболшысы Forbes тізіміне енді Сурет авторы: opennews.kz

Алматылық «Кайрат» футбол клубының ойыншылары Дастан Сәтбаев пен Темірлан Анарбеков Forbes Kazakhstan басылымының жыл сайынғы «30 до 30» еліміздің жас көшбасшылары рейтингіне енді. Сондай-ақ рейтингтің спорт бөліміне «Барселона» академиясының футболшысы Кәрім Меңдіқанов, теннисист Александр Бублик және киберспортшы Данил Голубенко кірді.

Басылымның мәліметінше, 17 жастағы Дастан Сәтбаев 15 жасында негізгі құрамда дебют жасап, кейіннен Қазақстан Премьер-лигасының үздік ойыншысы атанған. Ол УЕФА Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының үштігіне енді, ал 2025 жылдың ақпанында ағылшындық «Челси» клубына рекордтық 4 миллион еуроға ауысты.

Ал «Кайраттың» 22 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикке» қарсы өткен шешуші матчта 3 пенальти қайтарып, клубты турнирдің негізгі кезеңіне алып шықты. Сонымен қатар ол SofaScore порталының нұсқасы бойынша турнирдің жалпы кезеңіндегі үздік 3 ойыншының қатарына еніп, ұлттық құрамада дебют жасады.

Рейтингке енген өзге де спортшылардың көрсеткіштері жоғары:

Кәрім Меңдіқанов (15 жаста): Испанияның «Барселона» клубының құрылымына ресми түрде қосылып, испаниялық гранд тарихындағы тұңғыш қазақстандық атанды.

Александр Бублик (28 жаста): Гонконгтағы ATP 250 турнирінде жеңіске жетіп, отандық ерлер теннисі тарихында тұңғыш рет әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кірді.

Данил Голубенко (21 жаста): Counter-Strike 2 бойынша бразилиялық «FURIA Esports» клубының мергені ретінде HLTV порталының нұсқасы бойынша әлемнің үздік 6 ойыншысының қатарына енді.

Айта кетейік, Forbes «30 до 30» қатысушыларының тізімі өтінімдер, сарапшылардың ұсыныстары және журналдың меншікті дереккөздері негізінде жасалған. Конкурсанттардың жасы 2026 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар