$ 540.05 € 629.16 ₽ 6.65

«Қайрат» – «Реал» матчының билеттері қашан сатылымға шығады?

Абдрахманов Мағжан
04 қыркүйек 2025 12:50 210
«Қайрат» – «Реал» матчының билеттері қашан сатылымға шығады? Сурет авторы: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Алматының «Қайрат» футбол клубы мен Мадридтің «Реалы» арасындағы көптен күткен ойын билеттері қашан сатылымға шығатынын айтты.

Оның айтуынша, билеттерді тарату құқығы тек «Қайратқа» тиесілі.

«Қазір біздегі ақпарат бойынша сатылым ойынға 10 күн қалғанда басталады. Яғни матч 30-ы болса, шамамен 20-сынан бастап билеттер сатыла бастайды. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Билеттерді тек клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан сатып алуға болады», – деді Жарасбаев.

Әзірге билеттердің бағасы белгісіз. Вице-министрдің сөзінше, баға клубтың ішкі саясатына және сұранысқа қарай реттеледі. Сонымен қатар «Қайрат» шетелдік қонақтарға, оның ішінде УЕФА өкілдері мен халықаралық бақылаушыларға арнайы шақыртулар әзірлейді.

Матч 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Бұл – «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне алғаш шығуы. Бұған дейін алматылық клуб плей-офф раундында «Селтикті» пенальти сериясында жеңген болатын.

Жеребе қорытындысы бойынша, «Қайрат» өз алаңында «Реалдан» бөлек, бельгиялық «Брюггемен», гректің «Олимпиакосымен» және Кипрдің «Пафосымен» кездеседі. Қонақта оларды «Интер», «Арсенал», «Спортинг» және «Копенгагенмен» ойындар күтіп тұр.

Соңғы жаңалықтар