$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Тоқаев Қорғаныс министрлігін толық тексеруді тапсырды

Абдрахманов Мағжан
26 қыркүйек 2026, 18:18
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Тоқаев Қорғаныс министрлігін толық тексеруді тапсырды Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеретін арнайы комиссия құрылды. Комиссия министрліктің жалпы жұмысымен қатар әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін де тексереді. Президент өкімі туралы ақпарат 26 қыркүйекте жарияланды. 

Комиссияны Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов белгіленді.

Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы Мұрат Баймұқашев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин кірді.

Президент комиссияға алғашқы нәтижелерді жеті күн ішінде баяндауды тапсырды.

Өкімде тексерудің Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты басталғаны тікелей айтылмаған. Алайда шешім Маңғыстау облысында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан оқиғадан кейін қабылданып отыр.

24 қыркүйекте Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Үшеуі аман қалып, 14 адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталған.

Соңғы жаңалықтар