$ 441.89 € 502.56 ₽ 5.19
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі қайғылы оқиға: қазірге дейін не белгілі?

Абдрахманов Мағжан
24 қыркүйек 2026, 23:08
Каспийдегі қайғылы оқиға: қазірге дейін не белгілі? Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер саны 12-ге жетті. Үш адам құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың есімдері жарияланды. Оқиғаға байланысты қылмыстық істер қозғалып, арнайы Үкіметтік комиссия жұмысқа кірісті.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған.

Қорғаныс министрлігінің алғашқы мәліметінше, әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Алғашында 19 әскери қызметшінің теңізге кеткені хабарланған. Соңғы мәлімет бойынша, 12 адам қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.

Қаза тапқандар кімдер?

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімін жариялады:

  1. аға лейтенант Мұхтарұлы Олжас;
  2. матрос Аяпберген Сержан Талғатұлы;
  3. матрос Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы;
  4. матрос Көбенов Алмас Жүсіпұлы;
  5. матрос Төлеген Ақылбек Қабденұлы;
  6. матрос Темірғалиев Жеңіс Тілеуұлы;
  7. матрос Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы;
  8. матрос Жаңабай Әсет Саматұлы;
  9. матрос Мәдіхан Азамат Болатбекұлы;
  10. матрос Бегей Дастан Нұрболұлы;
  11. матрос Гилаж Ақжайық Болатбекұлы;
  12. матрос Диханбаев Олжас Тәжібайұлы.

Аман қалған әскери қызметшінің жағдайы қандай?

Үш әскери қызметші құтқарылған. Олардың біреуі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.

Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Әскери қызметші ауруханада ем қабылдап жатыр.

Оқиғаны кім тексереді?

Президенттің тапсырмасымен қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Қылмыстық істер қозғалды

Оқиғаға байланысты қылмыстық істер қозғалған. Билік тергеу жан-жақты, мұқият әрі қысқа мерзімде жүргізілетінін мәлімдеді.

Қанат Бозымбаев оқиғаға себеп болған лауазымды тұлғалар жауапкершіліктен құтылмайтынын айтты.

«Бұл – ауыр қайғы. Оқиғаға кінәлі болған барлық тұлға заң алдында жауап береді», – деді Бозымбаев.

Оның сөзінше, әрекеті немесе әрекетсіздігі осы қайғылы жағдайға әкелген лауазымды тұлғалар заң бойынша жауапқа тартылады.

Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және басқа да қажетті көмек көрсетіледі.

Бозымбаев тергеу барысын және марқұмдардың отбасыларына қолдау көрсету жұмыстарын жеке бақылауына алған.

25 қыркүйек – жалпыұлттық аза тұту күні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтап, марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Президенттің өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Соңғы жаңалықтар