$ 441.89 € 502.56 ₽ 5.19
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийде аман қалған тағы бір сарбаздың қалай құтылғаны белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
25 қыркүйек 2026, 16:23
Каспийде аман қалған тағы бір сарбаздың қалай құтылғаны белгілі болды Сурет авторы: Ақ Жайық

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш әскери қызметшінің бірі – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Бекет Қуандық. Туыстарының айтуынша, сарбаз жағаға өз күшімен жүзіп жеткен.

Бекет әскери қызметке 2025 жылы аттанған. Әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен кезде ол жағаға дейін өзі жүзіп шығып, аман қалған. Сарбаз ауруханаға жатқызылмаған, қазір өздігінен жүріп-тұрады.

Оқиға туралы естіген ата-анасы бірден ұлына барған. Олармен бірге Бекеттің туғанына әлі 40 күн толмаған інісі де барған. Сарбаз кішкентай інісін бұған дейін көріп үлгермеген.

«Балам аман-есен. Қалғанын тексеру аяқталғаннан кейін айтар деп ойлаймын. Аман қалған балалардың көргенін ешкімнің басына бермесін», – деді анасы Қарлығаш Мырзағалиева.

Қазір Бекетке психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол әзірге үйіне қайтпайды және белгіленген мерзімге дейін әскери қызметін жалғастырады.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар