$ 487.02 € 552.23 ₽ 6.51

Қаржылық қылмысқа - цифрлық соққы: Алматыда «AFM AI Hackathon 2026» басталды

Редакция
25 маусым 2026, 17:37
Қаржылық қылмысқа - цифрлық соққы: Алматыда «AFM AI Hackathon 2026» басталды

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен серіктестікте «AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар» атты ауқымды республикалық хакатон өткізіліп жатыр.

Екі күнге созылатын бұл шара мемлекеттегі «Заң және Тәртіп» қағидатын ілгерілету, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға заманауи цифрлық құралдарды тарту және дарынды жастардың жаңашыл идеяларына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.


Инновациялық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден астам үміткер жиналды. Олардың қатарында отандық жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, IT-инженерлер, дата-талдаушылар, бағдарламашылар мен жасанды интеллект (AI) бағытының профильді сарапшылары бар.


Шара барысында қатысушылар командалары келесі үш өзекті бағыт бойынша технологиялық шешімдер әзірлеуде:

Digital Shadow: Көлеңкелі веб-ресурстарды бақылау және ашық ақпарат көздерін талдау (OSINT) құралдарын жасау;

AI Shield: Киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және мәліметтер қорын қорғауға негізделген жасанды интеллект алгоритмдерін құрастыру;

AI Media Watch: Әлеуметтік медиа кеңістігінде заңсыз құмар ойындар мен қаржылық пирамида белгілерін автоматты түрде анықтайтын жүйелерді дайындау.


Бұл интеллектуалды дода жас мамандар үшін кәсіби біліктілігін тәжірибеде көрсетуге және елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтатын озық технологияларды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған жобалар іріктеліп, оларды әрі қарай жетілдіруге және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимылдың нақты жұмыс процестеріне енгізуге мемлекеттік қолдау көрсетілмек.

Соңғы жаңалықтар