$ 464.77 € 541.36 ₽ 5.41

«Қаражат оңды-солды жұмсалмайды»: Тоқаев Ұлттық қор туралы айтты

Абдрахманов Мағжан
28 тамыз 2026, 11:36
«Қаражат оңды-солды жұмсалмайды»: Тоқаев Ұлттық қор туралы айтты Сурет авторы: Ақорда

Қазақстанда ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында айтты.

Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз жұмсалады деген пікірлерді жоққа шығарды.

«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, кез келген қордың, әсіресе Ұлттық қордың тиімділігі келер ұрпақтың игілігі үшін нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенуі керек. Ол қазірдің өзінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында балалардың есепшотына қаражат аударылып жатқанын еске салды.

Президент Ұлттық қор қаржысы келешек ұрпақ пайдаланатын заманауи әрі сапалы инфрақұрылымды дамытуға да бағытталуы керегін айтты.

Мемлекет басшысы Ұлттық қор мәселесіне алдағы Қазақстан халқына Жолдауында кеңірек тоқталатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар