$ 518.39 € 603.09 ₽ 6.68

Қарағанды облысында пойыз төрт адамды басып кетті

Абдрахманов Мағжан
11 желтоқсан 2025, 09:28
Қарағанды облысында пойыз төрт адамды басып кетті Сурет авторы: "Жолаушылар тасымалы" АҚ

Қарағанды облысында жүк пойызы төрт теміржолшыны басып кетті. Қайғылы оқиға 10 желтоқсан күні сағат 17:15 шамасында Шешенқара мен Қаражаңғыл арасындағы теміржол бөлігінде тіркелді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, Сарышаған станциясының жол жөндеу тобы жоспарлы рельс ауыстыру жұмыстарын атқарып жатқан. Сол уақытта қозғалыста болған жүк пойызы жұмысшылар тұрған бағытқа кіріп кеткен. Машинист тежеу жүйесін дереу іске қосқанымен, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмады.

Апат салдарынан төрт қызметкер оқиға орнында қаза тапты.

Оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.

«Комиссия жедел түрде оқиға орнына аттанды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – делінген компанияның хабарламасында.

Сондай-ақ компания марқұмдардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар