$ 470.28 € 537.53 ₽ 5.99

Қара теңізде тағы бір мұнай танкеріне дрон шабуылдады

Абдрахманов Мағжан
20 шілде 2026, 14:06
Қара теңізде тағы бір мұнай танкеріне дрон шабуылдады Сурет авторы: depositphotos

20 шілдеде Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі теңіз айлағында мұнай тиеп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады. Соққыдан кеменің палубасы мен ішкі бөліктерінде өрт шықты, деп хабарлады консорциум.

КҚК мәліметінше, дрон танкердің оң жақ артқы бөлігіне, қондырма мен қозғалтқыш-қазандық бөлімінің арасына түскен. Өртті танкердің тиеу тобы мен консорциумның жедел әрекет ету қызметі бірнеше сағат ішінде сөндірген.

Кеме су бетінде қалды. 22 адамнан тұратын халықаралық экипаждың капитан мен оның аға көмекшісінен басқа мүшелері сүйреткіш кемелерге көшірілді. Зардап шеккендер туралы мәлімет берілген жоқ.

Шабуылдан кейін мұнай тиеу тоқтатылды. Консорциум мұнайдың теңізге төгілуіне және танктердегі шикізаттың тұтануына жол берілмегенін мәлімдеді.

19 шілдеде осы теңіз айлағында қазақстандық мұнай тиеп жатқан ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне де дрондар шабуылдаған еді. Өрт экипаж күшімен сөндіріліп, адамдар зардап шеккен жоқ. Осы оқиғадан кейін тоқтаған мұнай тиеу сол күні кешке қайта басталған, алайда 20 шілдедегі жаңа шабуылдан соң тағы тоқтатылды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтық нысандарға жасалған шабуылдарды тоқтатуды және қазақстандық мұнайды сыртқа шығаратын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті.

Соңғы жаңалықтар