30 шілде түнде Ресейдің Қиыр Шығысы маңындағы теңізде жойқын жер сілкінісі болды. Камчаткадағы Геофизикалық қызметтің мәліметінше, зілзала магнитудасы 8 баллдан асты және бұл – 1952 жылдан бергі ең күшті сілкініс. АҚШ Геологиялық қызметі зілзаланы 8,8 балға бағалап отыр. Эпицентр Камчатканың шығыс жағалауынан 136 шақырым қашықтықта, 19,3 шақырым тереңдікте орналасқан. Бұл жөнінде DW хабарлады.
Тынық мұхитында цунами қаупі жарияланды
Жер сілкінісінен кейін теңізде көтерілген толқындар Ресейдің Солтүстік-Курильск қаласындағы портты жартылай су астында қалдырды. Камчатка өлкесінің ТЖ министрі Сергей Лебедевтің мәлімдеуінше, Петропавл-Камчатскийге цунамиден қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен аймақтағы балабақшалардың бірінде ғимараттың қасбеті құлаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
АҚШ пен Жапонияда да қауіп жарияланды
Зілзала салдарынан АҚШ-тың Алеут аралдары мен Гавайи аралдарына да цунами қаупі жарияланды. Гавайиде кей ауданда эвакуация жүргізіліп жатыр. Гонолулу қаласының тұрғындарына төменгі аудандарды тастап, биік ғимараттардың жоғарғы қабаттарына көшу ұсынылды.
Жапонияның жағалау аймақтарына да бір метрге дейін жетуі мүмкін цунами толқындары туралы ескерту берілді. Kyodo агенттігінің хабарлауынша, елдің шығысында теміржол бағыттарының бір бөлігі уақытша тоқтатылды.
Метеорологтар мен құтқарушылар жағдайды жіті бақылап отыр. Халыққа ресми хабарламаларды қадағалап, сақтық шараларын орындау ескертілді.