$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37

Иркутскіде оба шықты ма: Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Абдрахманов Мағжан
05 қазан 2026, 10:48
Иркутскіде оба шықты ма: Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады Сурет авторы: ua.news

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті жұқпа болуы мүмкін деген ақпараттан кейін эпидемиологиялық ахуалды бақылауға алды. Ведомствоның алдын ала бағалауынша, жұқпаның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен, ал Ресейде оба диагнозы әзірге расталған жоқ.

Оқиға Шелехов қаласында 28 жастағы әйелдің қайтыс болуынан кейін басталған. БАҚ мәліметінше, ол Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген. Әйел 29 қыркүйекте ауруханаға түсіп, екі күннен кейін көз жұмған. Осыдан кейін оның аса қауіпті жұқпа жұқтыруы мүмкін деген күдік туып, эпидемиологиялық тексеру басталды.

Әйелмен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынған. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әзірге олардың ешқайсысынан ауру белгісі байқалмаған, зертханалық зерттеу нәтижелері де теріс шыққан.

4 қазанда Роспотребнадзор Иркутск облысы, Иркутск қаласы мен Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба ауруы анықталмағанын хабарлады. 28 жастағы әйелдің өлім себебі әзірге шығу тегі анықталмаған пневмония ретінде қарастырылып отыр. Нақты диагноз әлі қойылған жоқ, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайы анықталып жатыр.

Осыған байланысты Қазақстанда алдын алу шаралары қолға алынған. Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Министрлік мәліметінше, әзірге көліктің барлық түрінен дене қызуы көтерілген, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті жұқпаға күдік туғызған адамдар анықталмаған.

Денсаулық сақтау министрлігі сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, барған жері мен сапар мерзімі туралы хабарлауға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар