$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31

Ірі қалалардағы кептелісті азайту үшін жаңа жүйе енгізіледі

Редакция
06 қазан 2026, 10:57
Ірі қалалардағы кептелісті азайту үшін жаңа жүйе енгізіледі Сурет авторы: DepositPhotos.com

Еліміздің ірі қалаларындағы көлік кептелісі мәселесі енді цифрлық технологиялар арқылы жүйелі түрде шешілмек. Премьер-министр Олжас Бектенов ең тығыз орналасқан жол учаскелерінде көлік ағынын зияткерлік басқару жүйесін пилоттық режимде іске қосуды тапсырды.

Үкімет отырысында Премьер-министр урбанизацияның жеделдеуі жол инфрақұрылымына түсетін салмақты арттырып жатқанын атап өтті. Бұл ретте жергілікті кептелістерге тек салдарымен күрес арқылы емес, көлікті жүйелі түрде басқаруға көшу қажет.

Осыған байланысты Көлік министрлігіне ұлттық деңгейдегі бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыру жүктелді. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде жол қозғалысын реттеуге, жүктемені алдын ала болжауға және ықтимал тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.

«Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде ірі қалалардағы ең жүктелген көлік учаскелерін анықтап, оларда көлік ағындарын зияткерлік басқаруды пилоттық қолдануды іске қосуы тиіс. Нәтижелері бойынша ең тиімді шешімдерді өзге аймақтарға таратуды қамтамасыз ету қажет», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына бір ай ішінде тасымалдаулар туралы деректерді бірыңғай цифрлық базаға беруді аяқтауды және отандық технологияларға өтуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар