$ 461.37 € 542.16 ₽ 6.14

Отбасы банкі қазақстандықтардың зейнетақы қоры есебінен 50 млрд теңге ипотека бермек

Редакция
23 сәуір 2026, 12:13
Отбасы банкі қазақстандықтардың зейнетақы қоры есебінен 50 млрд теңге ипотека бермек Сурет авторы: Inbusiness.kz

Наурыз айында Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 50 млрд теңге көлеміндегі қаражаты Отбасы банкінің облигацияларына инвестицияланды. Бұл туралы БЖЗҚ-ның инвестициялық қызметіне қатысты есебінде мәлімденді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарушылар (негізінен ҚР Ұлттық банкі) наурыз айында Отбасы банкі шығарған облигацияларды сатып алуға 50 млрд теңге бағыттады. Сонымен қатар, 307 млрд теңге Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, ал 150 млрд теңге Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарына салынды.

Сондай-ақ, есепті кезеңде БЖЗҚ активтерінен 149 млрд теңге сомасына АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары сатылды. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының (15 млрд теңге), Еуропалық қайта құру және даму банкінің (10 млрд теңге), Нұрбанктің (5 млрд теңге) және Қазақстанның даму банкінің (3,6 млрд теңге) бағалы қағаздары бойынша өтеу мерзімі аяқталды.

2026 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыс көлемі 271,41 млрд теңгені құрады. Бірінші жартыжылдықта активтердің табыстылығы 1,05%-ды көрсетті, бұл қаңтар айынан бергі инфляция деңгейінен (2,7%) төмен.

БЖЗҚ мамандарының түсіндіруінше, табыстылықтың төмендеуіне теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының нығаюы (бір доллар үшін 505,53-тен 478,77 теңгеге дейін) себеп болған. Бұл валюталық активтерді қайта бағалау кезінде теріс көрсеткішке алып келді.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Отбасы банк «Наурыз 2026» тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың тізімін жариялап, оған 16 мың салымшы енген болатын. Қатысушылар 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында несиелік өтінімдерін өткізуі тиіс. Бұл зейнетақы қаражаты аталған жеңілдетілген баспана бағдарламаларын қаржыландыру мақсатында Отбасы банкінің облигацияларын сатып алуға жұмсалған болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар