$ 450.62 € 504.2 ₽ 5.36

Ипотека алу жеңілдей ме: Үкімет алғашқы жарнаны азайтуды тапсырды

Абдрахманов Мағжан
14 қазан 2026, 09:16
Ипотека алу жеңілдей ме: Үкімет алғашқы жарнаны азайтуды тапсырды Сурет авторы: Pixabay

Қазақстанда тұрғын үй бағдарламалары бойынша ипотеканың алғашқы жарнасын төмендету тетіктері әзірленбек. Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Тапсырма Үкіметтің 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралған отырысында берілді.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, алғашқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізу жөнінде қосымша ұсыныстар әзірлеуі қажет», – деді Бектенов.

Әзірге алғашқы жарна қаншаға дейін төмендеуі мүмкін екені және өзгерістің қашан енгізілетіні айтылған жоқ. Яғни қазіргі ипотекалық бағдарламалардың талаптары осы тапсырмадан кейін бірден өзгермейді.

Премьер-министр әкімдіктерге тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдерін алдын ала дайындап, инженерлік желілерді тартуды жеделдетуді де тапсырды.

Үкіметтің биылғы жоспары – 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді қажетті инфрақұрылымымен бірге пайдалануға беру. Тоғыз айда елдегі құрылыс көлемі 11,5 пайыз өскен.

Соңғы жаңалықтар