$ 469.49 € 552.59 ₽ 6.24

«iPhone толды» деген хабарлама – тұзақ! Сарапшылар жаңа алаяқтық тәсіл туралы дабыл қақты

Редакция
21 сәуір 2026, 09:21
«iPhone толды» деген хабарлама – тұзақ! Сарапшылар жаңа алаяқтық тәсіл туралы дабыл қақты Сурет авторы: AI generated

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралуда. Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мамандары бұл жолы киберқылмыскерлердің iPhone қолданушыларын нысанаға алғанын ескертті.

Алаяқтар iCloud қоймасы толып қалды деген жалған хабарламаларды жаппай таратып жатыр. Мұндай ескертулер электрондық пошта, SMS немесе түрлі қосымшалар арқылы келеді. Хабарламада аккаунттың бұғатталатыны немесе фотосуреттер мен маңызды файлдардың жойылып кетуі мүмкін екені айтылып, пайдаланушыны шұғыл әрекет жасауға итермелейді.

Ең қауіптісі – бұл хабарламалар ресми сервистердің стилін айнытпай қайталайды. Соның салдарынан көпшілік оларды шынайы деп қабылдайды. Ал ұсынылған сілтемеге өткен жағдайда адам фишингтік сайтқа тап болады. Мұнда енгізілген логин, құпиясөз және банк картасының деректері бірден алаяқтардың қолына түседі.

Мамандардың айтуынша, мұндай схемалар тек iCloud-пен шектелмейді. Осындай жалған хабарламалар Google Drive, Яндекс Диск, Mail.ru сияқты басқа да бұлттық сервистер атынан келуі мүмкін.

Сарапшылар азаматтарды сақ болуға шақырады: күмәнді сілтемелерге өтпеу, аккаунт жағдайын тек ресми қосымшалар арқылы тексеру және жеке деректерді бөгде сайттарға енгізбеу қажет. Сондай-ақ екі факторлы қорғанысты қосып, әр сервиске бөлек күрделі құпиясөз қолдану ұсынылады.

Күдік туындаған жағдайда, мамандар дереу құпиясөзді өзгертіп, барлық белсенді сессияларды тоқтатуға кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар