$ 505.71 € 591.43 ₽ 6.65

Инфляция мен бағаның қымбаттауы билікке деген сенімді төмендетіп отыр – сауалнама

Абдрахманов Мағжан
22 қаңтар 2026, 15:22
Инфляция мен бағаның қымбаттауы билікке деген сенімді төмендетіп отыр – сауалнама Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарлары бағасының өсуі тұрғындардың тұрмыс деңгейіне ғана емес, үкіметке деген қоғамдық сенімге де кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай қорытынды DEMOSCOPE жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде жасалған.

Сауалнама деректеріне сәйкес, 2025 жылы қатысушылардың шамамен 82%-ы негізгі тұтыну тауарларына кететін шығындардың артқанын атап өткен. Көпшілік инфляция қарқынына ілесе алмай отырғанын, ал нақты кірістің азаюы күнделікті өмірді қиындатып жібергенін айтқан.

Зерттеу қазақстандықтардың жеке қаржылық болашағына деген сенімі де әлсірегенін көрсетті. Қараша айында респонденттердің 45%-тен астамы алдағы бір жылда экономикалық жағдайының тұрақтанатынына күмәнмен қарайтынын жеткізген. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда қайта өсім көрсеткен.

Экономикалық қысым үкімет жұмысына берілетін бағаға да ықпал еткен. Наурыз айындағы сауалнамада қатысушылардың 65,7%-і билік әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тиімді шешіп отыр деп есептемейтінін білдірген. Жыл соңына қарай оң баға бергендердің үлесі біршама артқанымен, жалпы сенім деңгейі әлі де төмен күйінде қалған.

Зерттеу авторлары қосылған құн салығының 12%-тен 16%-ке көтерілуі мен өзге де салықтық өзгерістер 2026 жылы халықтың қаржылық жүктемесін күшейтуі мүмкін екенін атап өтті. Сауалнамаға қатысқандардың 61,4%-і салықтың өсуі бағаның одан әрі қымбаттауына алып келеді деп алаңдайды.

Сауалнама MediaNet ұйымының қолдауымен өткізілген. Зерттеу нәтижелері елдегі экономикалық белгісіздік пен алаңдаушылықтың әлі де жоғары екенін аңғартады.

Соңғы жаңалықтар