$ 469.93 € 541.64 ₽ 5.71

ІІМ WhatsApp аккаунттарын бұзу жағдайлары туралы ескертті: Қазақстандықтар аккаунтын қалай қорғай алады?

Наурызбек Лесов
10 тамыз 2026, 14:27
ІІМ WhatsApp аккаунттарын бұзу жағдайлары туралы ескертті: Қазақстандықтар аккаунтын қалай қорғай алады? Сурет авторы: shutterstock

Қазақстан Ішкі істер министрлігі WhatsApp аккаунттарына рұқсатсыз кіру жағдайлары туралы ескертіп, мессенджердегі жеке парақшаны қорғаудың жолдарын түсіндірді.

Полиция ең алдымен екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады. Ол үшін WhatsApp-та «Баптаулар» – «Аккаунт» – «Екі сатылы тексеру» бөліміне өтіп, алты таңбалы PIN-код орнату керек. Аккаунтты қалпына келтіру үшін электрондық пошта мекенжайын да көрсету қажет. PIN-кодты ешкімге бермеу керек.

Сонымен қатар аккаунтқа қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп отырған жөн. «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімінен бейтаныс телефон немесе компьютер байқалса, оның аккаунтқа кіру мүмкіндігін бірден тоқтату қажет.

ІІМ мәліметінше, аккаунттың бұзылғанын бірнеше белгі аңғартады. Олардың қатарында бейтаныс құрылғының қосылуы, қолданушы жібермеген хабарламалардың тарауы, таныстардың сіздің атыңыздан келген күмәнді өтініштер туралы айтуы, сұратылмаған SMS растау кодының келуі және аккаунттан өздігінен шығып қалу бар.

Осындай белгілер байқалса, барлық белсенді байланысты тоқтатып, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгерту қажет. Сондай-ақ жақын адамдарға аккаунттың бұзылуы мүмкін екенін ескертіп, телефон мен компьютерде зиянды бағдарламалардың бар-жоғын тексерген жөн.

ІІМ аккаунтқа бөгде адамның кіргені анықталса, құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар