$ 467.58 € 543.66 ₽ 6.44

Хантавирустан қалай қорғануға болады: мамандар кеңес берді

Абдрахманов Мағжан
18 мамыр 2026, 17:54
Хантавирустан қалай қорғануға болады: мамандар кеңес берді Сурет авторы: REUTERS / Dado Ruvic

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын қазақстандықтарға хантавирус инфекциясына байланысты сақтық шараларын еске салды.

Мамандардың айтуынша, вирус көбіне кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс кезінде жұғады. Инфекция адам ағзасына шаң, тағам, су немесе жануарлардың тістеуі арқылы енуі мүмкін.

Осыған байланысты азаматтарға шетелде кеміргіштермен байланыстан аулақ болу, олардың мекендеу орындарына бармау, күмәнді тағам мен суды пайдаланбау ұсынылады. Сондай-ақ көшедегі бейресми сауда орындарынан тамақ ішпеу, азық-түлікті жабық ыдыста сақтау қажет.

Жабық ғимараттарда желдету жүргізіп, дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалық жасау, ал тазалық кезінде қолғап пен маска қолдану ұсынылады. Көпшілік орындарда жеке қорғаныс шараларын сақтау маңызды.

Егер шетелден оралғаннан кейін 1–8 апта ішінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жөтел немесе ентігу белгілері пайда болса, дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет. Бұл ретте дәрігерге шетелде болғаны туралы хабарлау керек.

Айта кетейік, мамыр айының басында MV Hondius бортында хантавирус індеті тіркеліп, үш адам қайтыс болған. Қазіргі таңда түрлі елдердің билігі жолаушылардың байланыстарын анықтап жатыр.

Комитет мәліметінше, Қазақстан аумағында Andes orthohantavirus (ANDV) штамы тіркелмеген.

Соңғы жаңалықтар