$ 441.91 € 499.05 ₽ 5.3

Халық Кеңесінің тұрақты комитет төрағалары мен құрамы бекітілді

Редакция
01 қазан 2026, 19:00
Халық Кеңесінің тұрақты комитет төрағалары мен құрамы бекітілді Сурет авторы: Ж. Жумабеков

Астанада Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес сессиясында белгілеп берген стратегиялық міндеттерді іске асыру тетіктері талқыланып, тұрақты комитеттер мен Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді.

Отырысты аша отырып, Ерлан Қошанов жаңа конституциялық институттың басты миссиясы - қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту және билік пен халық арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеру екенін атап өтті. Төрағаның айтуынша, бұл институт халықтың үнін анағұрлым салмақты етіп, Мемлекет басшысы артқан сенім мандатын нақты нәтижелермен ақтауға тиіс.

Төралқа отырысының қорытындысы бойынша үш негізгі комитеттің құрамы бекітіліп, олардың басшылары тағайындалды:

  • Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін - Вера Ким;

  • Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік бағытын - Марат Әзілханов;

  • Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетін - Табиғат Зейнұлқабден басқарады.

Бұдан бөлек, Төралқа құрамына Кеңес басшылығы мен комитет төрағаларынан өзге Бекмұрат Жүсіпов, Наринэ Микаелян, Денис Рыпаков және Нұртай Сабильянов кірді.

Жиында Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы, өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейту және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Кеңес мүшесі Бағдат Мусин өңірлердегі азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын жүйелі жинау, өңдеу және олардың қаралу барысын мониторингілеу үшін бірыңғай ақпараттық платформа әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ сарапшылар елдегі әртүрлі қоғамдық-консультативтік органдардың шашыраңқы жұмысын біріктіріп, олардың әлеуетін жүйелеуде Халық Кеңесі негізгі тиімді диалог алаңына айналатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар