$ 470.28 € 537.53 ₽ 5.99

Грузиядан басқарылған 7,5 миллиард теңгелік онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды

Редакция
20 шілде 2026, 09:55
Грузиядан басқарылған 7,5 миллиард теңгелік онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды Сурет авторы: shutterstock

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Nomad Poker онлайн-казиносының заңсыз әрекеттерін әшкереледі. Тергеу барысында аталған платформа арқылы жүргізілген ақша айналымы 7,5 миллиард теңгеден асқаны анықталды.

Ведомствоның мәліметінше, онлайн-платформа Club GG Poker базасында құрылған. Қылмыстық схеманы Грузия аумағында жүрген Қазақстан азаматтары үйлестіріп отырған. Ұйымдастырушылар із жасыру және қаржылық бақылаудан қашу мақсатында шетелдік азаматтардың атына тіркелген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдаланған.

Тексеру нәтижесінде ойыншылардан түскен қаражатты аудару үшін 60-тан астам «дроп-шот» қолданылғаны белгілі болды. Жалпы алғанда, 20 мыңнан астам қолданушы тартылған казино тәулік бойы жұмыс істеп, азарттық ойындарға бәс тігу және ұтыстарды шығару мүмкіндігін ұсынған. Жаңа клиенттерді тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді жарнама жүргізілген.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың шетелдік азаматтарды Қазақстанға арнайы алдырып, олардың атына ақылы негізде (бір адамға 400 долларға дейін) банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдегені анықталды.

Қазіргі таңда соттың санкциясымен Алматыдағы бір пәтер, үш автокөлік және дропперлердің шоттарындағы 158 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды. Қатысты тергеу амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар