$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Гонконг тұмауы: бірінші және екінші толқыны қашан болатыны белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
26 қараша 2025 10:02 8638
Гонконг тұмауы: бірінші және екінші толқыны қашан болатыны белгілі болды Сурет авторы: gov.kz

Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көбейіп, дәрігерлер гонконг тұмауының (H3N2) тез таралып жатқанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, аурудың алғашқы толқыны желтоқсан айында шегіне жетпек, деп хабарлады «31 арна».

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елде шамамен 2 миллион адам ЖРВИ жұқтырған. Ал 1200-ден астам адамда гонконг тұмауы зертханалық түрде расталды. Бұл вирус аса жұқпалы және ауыр өтетін түрге жатады.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру кенет басталады: бұлшық ет пен буынның сырқырауы, тамақ ауруы, қатты әлсіздік және жоғары температура тән. Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жағдайдың өткен жылмен салыстырғанда күрделірек екенін мәлімдеді.

"Аурудың шарықтау кезеңі қарашаның соңы мен желтоқсанның соңы аралығында болады. Қаңтардың алғашқы апталарында науқастардың саны азая бастайды. Бірақ одан кейін екінші толқын жүреді. Оны әдетте В типті тұмау қоздырады", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Айгүл Катренова.

Мамандардың сөзінше, В типті тұмау жеңілірек өтеді, ал қазіргі H3N2 вирусы ерекше агрессивті.

"Гонконг тұмауы жаңа вирус емес, бірақ соңғы жылдары ол жеті мутацияға ұшырады. Сол себепті тез тарайды. Оның репродуктивтік индексі 1,4 – яғни, ол алдыңғы штамдардан әлдеқайда жұқпалы. Бұл вирус жоғары агрессивтілікке ие", – деді Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті.

Дәрігерлер тұмаудың басты қаупі оның асқынуында екенін ескертеді. Сирек болса да, жүрек ырғағының бұзылуы, тыныс жеткіліксіздігі, ми қабынуы сияқты ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкін.

Мамандар халықты екпе салдыруға шақырып отыр. Вакцина аурудан толық қорғамаса да, оның ауыр өту қаупін едәуір азайтады.

Соңғы жаңалықтар