$ 464.02 € 536.18 ₽ 5.54

Геннадий Головкин Украинаның «Миротворец» сайтының тізіміне енді

Абдрахманов Мағжан
17 тамыз 2026, 14:03
Геннадий Головкин Украинаның «Миротворец» сайтының тізіміне енді Сурет авторы: olympic.kz

Қазақстандық боксшы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин Украинаның «Миротворец» сайтының дерекқорына енгізілді. Бұған World Boxing-тің Ресей боксшыларына халықаралық жарыстарға өз елінің туы мен рәміздерімен қатысуға рұқсат беруі себеп болған.

Сайтта Головкинді тізімге енгізуге «Ресей агрессиясын және Украина азаматтарының өлтірілуін ашық қолдау» себеп болғаны жазылған. Головкин әзірге бұл жөнінде пікір білдірген жоқ.

Тамыздың басында World Boxing Ресей спортшыларына қатысты бұған дейінгі шектеулердің бәрін алып тастады. Енді ресейлік боксшылар барлық жас санатындағы халықаралық жарыстарға ұлттық рәміздерімен қатыса алады.

«Атқару комитеті ресейлік спортшылар бұдан былай World Boxing жарыстарына басқа ұлттық федерациялардың боксшыларымен тең дәрежеде қатысады деген шешімге келді. Алайда World Boxing жарыстар кезінде Ресей делегацияларының тәртібі мен допингке қарсы талаптардың сақталуын қатаң қадағалайды», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

World Boxing биыл наурызда Ресей бокс федерациясын ұйым құрамына қабылдаған. Беларусь бокс федерациясына қатысты да осындай шешім қабылданды. World Boxing аясында 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстары өтеді.

Геннадий Головкин World Boxing ұйымын 2025 жылғы қарашадан бері басқарады. Ол 2024 жылдан бері Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті.

«Миротворец» – 2014 жылдан бері жұмыс істейтін украиналық интернет-ресурс. Онда сайт авторлары Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге қатысы бар деп санайтын адамдар туралы мәлімет жарияланады. «Миротворецтің» ресми мемлекеттік мәртебесі жоқ.

Бұған дейін бұл сайттың тізіміне Қазақстан Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым да енгізілген.

Соңғы жаңалықтар