$ 489.33 € 566.3 ₽ 6.74

Геннадий Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына ресми түрде қабылданды

Редакция
15 маусым 2026, 14:52
Геннадий Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына ресми түрде қабылданды Сурет авторы: НОК РК

World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк штаты, Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Халықаралық бокс Даңқ залының (IBHOF) мүшесі атанды. Бұл туралы The Ring басылымы хабарлады.

Геннадий Головкин «Заманауи боксшылар» санаты бойынша Даңқ залына енгізілді. Онымен қатар, бұл мәртебеге әлемнің бұрынғы чемпиондары Антонио Тарвер мен Найджел Бенн ие болды.

Салтанатты шара барысында Геннадий Головкин өз сөзінде бұл марапаттың кәсіби мансабындағы маңызды кезең екенін атап өтті:

«Бокс – менің өмірім. Халықаралық Даңқ залына ену мен үшін зор құрмет. Бұл жетістік – менің командамның, жаттықтырушыларым Абель Санчес, Джонатан Бэнкс, сондай-ақ Том Леффлердің және отбасымның ортақ еңбегінің нәтижесі. Спорттық мансабымда қол жеткізген бұл мойындау мен үшін айрықша мәнге ие», – деді GGG.

Геннадий Головкин – Халықаралық бокс Даңқ залына енген Қазақстанның тұңғыш өкілі. Орта салмақтағы бұрынғы біріккен әлем чемпионы кәсіби рингте 45 кездесу өткізіп, 42 жеңіске (37 нокаут) қол жеткізді. Оның спорттық жолындағы Сауль «Канело» Альвареспен өткізген трилогиясы бокс тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі ретінде сақталып қалды.

Айта кетейік, Халықаралық бокс Даңқ залы (IBHOF) 1989 жылы құрылған. Оған ену – бокс индустриясындағы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер үшін ең жоғары кәсіби жетістіктердің бірі болып табылады.

Соңғы жаңалықтар