$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Ғалымдар көру қабілетін қалпына келтіретін көз имплантын ойлап тапты

Абдрахманов Мағжан
21 қазан 2025 10:48 210
Ғалымдар көру қабілетін қалпына келтіретін көз имплантын ойлап тапты Сурет авторы: stock.adobe.com

Жасанды интеллектке негізделген жаңа технология көру қабілетін жоғалтқан адамдарға үміт сыйлады. Лондондағы Moorfields Eye Hospital клиникасының дәрігерлері хабарлағандай, сұрғылт макулодистрофияның құрғақ түріне шалдыққан науқастар электронды имплант орнатқаннан кейін қайтадан әріптер мен сөздерді оқи алған. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды.

Қалыңдығы адам шашының жартысындай ғана болатын Prima деп аталатын имплант көздің тор қабығының астына орнатылады. Ота шамамен екі сағатқа созылады. Технология Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия және Нидерланд елдерінен 38 пациентке сынақ ретінде орнатылған. Барлығы да бұған дейін көру аймағының орталық бөлігіндегі атрофия салдарынан толықтай көру қабілетінен айырылған еді.

Клиника мәліметінше, имплант орнатылған науқастардың 84%-ы оңалту кезеңінен кейін қайтадан әріптер мен сандарды көріп, сөздерді оқи алған. Мұндай нәтижеге бұған дейін ешбір жасанды көру құрылғысы қол жеткізбеген.

Имплантпен қатар пациенттерге видеокамерасы бар AR-көзілдірік және белбеуге тағылатын шағын компьютер беріледі. Компьютер камера түсірген бейнені өңдеп, инфрақызыл сигнал түрінде көздің ішіндегі чипке жібереді. Бұл сигнал тор қабығындағы сақталған жасушалар мен көру нервін белсендіреді.

"Бұл жасанды көру технологиясының жаңа дәуірі. Тарихта алғаш рет зағип жандар орталық көруін мағыналы түрде қалпына келтіре алды", – деді хирург Махи Мукит.

Айта кетейік, көздің құрғақ макулодистрофиясы – 50 жастан асқан адамдар арасында соқырлықтың ең кең тараған себептерінің бірі. Бұған дейін бұл ауруды емдеудің тиімді тәсілі болмаған.

Зерттеу нәтижелері New England Journal of Medicine журналында жарияланды.

Соңғы жаңалықтар