$ 465.74 € 537.23 ₽ 5.62

FT: Украина АҚШ өтінішінен кейін КҚК нысандарына соққыны тоқтатты

Абдрахманов Мағжан
12 тамыз 2026, 14:08
FT: Украина АҚШ өтінішінен кейін КҚК нысандарына соққыны тоқтатты Сурет авторы: inbusiness.kz/ ЖИ

Украина АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына және Новороссийск маңындағы ресейлік емес танкерлерге соққы жасауды тоқтатуға келісті. Бұл туралы украиналық шенеуніктер мен жағдайдан хабардар дереккөздерге сүйенген Financial Times жазды.

Басылым мәліметінше, Вэнс 31 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, танкерлерге шабуылды тоқтатуды сұраған. Содан бері КҚК терминалы маңындағы танкерлерге соққы жасалмаған.

Келісім бойынша, Украина КҚК инфрақұрылымына, сондай-ақ украиналық санкцияға ілінбеген әрі Ресей мұнайы мен жүгін тасымалдамайтын ресейлік емес кемелерге шабуыл жасамауға міндеттенген.

АҚШ әкімшілігінің өкілі Вашингтонның Украинаға Қара теңіздегі ресейлік емес кемелер мен КҚК нысандарына шабуылды тоқтату қажеттігін жеткізгенін растады.

«Әкімшілік КҚК-ны Қазақстанда өндірілген энергия ресурстарын Еуропа нарығына жеткізетін және Ресейдің энергия ресурстарына балама болатын аса маңызды бағыт деп санайды», – деді АҚШ өкілі.

Financial Times дереккөзінің айтуынша, Киев Вашингтонның өтінішін орындауға келіскен. Украина өз кезегінде Patriot зымырандарын өндіруге АҚШ лицензиясын алуға және қысқа дейін осындай бірнеше жүз зымыран сатып алуға үміттеніп отыр.

Бұған дейін Bloomberg те Украина КҚК инфрақұрылымы мен бірқатар ресейлік емес мұнай танкерлеріне соққы жасамауға келіскенін хабарлаған.

Шілдеде КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан танкерлерге бірнеше рет шабуыл жасалды. Қазақстанның Сыртқы істер және Энергетика министрліктері бұл әрекеттерді айыптап, шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырған.

КҚК арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызы тасымалданады. Құбыр Батыс Қазақстандағы кен орындарын Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портымен байланыстырады.

Соңғы жаңалықтар