$ 482.33 € 557.57 ₽ 5.74

ФИФА Израиль футбол қауымдастығына айыппұл салды

Абдрахманов Мағжан
20 наурыз 2026, 16:28
ФИФА Израиль футбол қауымдастығына айыппұл салды Сурет авторы: Reuters Connect

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Израиль футбол қауымдастығына 150 мың швейцар франкі көлемінде айыппұл салды.

Бұл шешім 2024 жылдың қазан айында Палестина футбол қауымдастығы тарапынан берілген шағымнан кейін қабылданған. Онда Израиль жағынан дискриминациялық әрекеттер болғаны айтылған.

ФИФА-ның тәртіптік комитеті Израиль қауымдастығы ұйым алдындағы міндеттемелерін бірнеше рет бұзған деген қорытындыға келген. Әсіресе, Иерусалимнің «Бейтар» клубына қатысты «ұзақ уақыт бойы құжатталған нәсілшілдік әрекеттерге» жеткілікті шара қолданбағаны атап өтілген.

Осыған байланысты қауымдастыққа ФИФА тәртіп кодексінің «қорлайтын мінез-құлық және fair play қағидаларын бұзу» және «дискриминация мен нәсілшілдік мәлімдемелер» баптары бойынша санкция салынды.

Айыппұлдан бөлек, Израиль футбол қауымдастығы алдағы үш үй матчында «Футбол әлемді біріктіреді — дискриминацияға жол жоқ» деген жазуы бар баннер орналастыруы тиіс. Сонымен қатар айыппұлдың үштен бірі дискриминацияның алдын алу шараларына бағытталмақ.

Сонымен бірге ФИФА Палестина футбол қауымдастығының Израильді халықаралық турнирлерден шеттету туралы талабын қанағаттандырмады.

Ұйым сондай-ақ Батыс жағалауда орналасқан израильдік клубтардың ел чемпионаттарына қатысуына қатысты шағымдар бойынша да қосымша санкция қолданбайтынын мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар