$ 485.55 € 563.38 ₽ 6.81

Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті

Абдрахманов Мағжан
28 мамыр 2026, 10:17
Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті Сурет авторы: instagram/erbayan2024

Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ауыр ми жарақатын алған мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы оның оңалту және қалпына келтіру маманы Ұлпан Советбековна хабарлады.

Маманның айтуынша, Ербаян Мұхтар 26 мамыр күні шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ауруханасына жеткізілген. Қазір сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр. Ұлпан Советбековна бұл мәлімдемені Ербаянның ата-анасының өтініші бойынша жариялағанын айтты.

“Ербаян жансақтау бөлімінде жатыр, ал ата-анасы оның денсаулығына қатысты қажетті ақпараттарды толық ала алмай отыр. Сол себепті баршаңыздан қолдау білдіріп, дұға жасауларыңызды сұраймыз. Қазіргі сәтте бұл ол үшін де, отбасы үшін де өте маңызды”, – деп жазды ол.

Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға кома жағдайында түскен. Ұлттық ұландағы әскери бөлім өкілдері оның әжетханада құлап, басын кафельге соғып алғанын мәлімдеген. Алайда сарбаздың ата-анасы бұл нұсқаға күмән келтіріп, ұлдарының соққы салдарынан жарақат алғанын айтып келеді.

2024 жылдың маусымында Бас әскери прокуратура тергеу “Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу” бабы бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Қазақстандықтар Ербаян Мұхтардың еміне шамамен 230 миллион теңге жинаған. Ол 2025 жылдың қаңтар және қараша айларында Түркияда ем қабылдаған.

Соңғы жаңалықтар