$ 485.4 € 550.69 ₽ 6.41

Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке басқаруға бере алады

Абдрахманов Мағжан
26 маусым 2026, 12:17
Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке басқаруға бере алады Сурет авторы: depositphotos

Сенат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларына зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір зейнетақы активтерінің негізгі бөлігін Ұлттық банк басқарады. Қолданыстағы тәртіп бойынша салымшылар жинақтарының тек 50 пайызын ғана жеке инвестициялық басқарушы компанияларға бере алатын. Жаңа түзетулер бұл шектеуді алып тастайды.

Депутаттың сөзінше, өзгерістер азаматтарға тәуекел деңгейіне қарай инвестициялық стратегияны өздері таңдауға мүмкіндік береді. Мысалы, қаражаттың бір бөлігін жоғары тәуекелді, екінші бөлігін орташа, ал қалғанын консервативті құралдарға орналастыруға болады. Сонымен бірге басқарушы компаниялар салымның бастапқы сомасының сақталуына кепілдік береді, ал олардың қызметі Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында болады.

Қазіргі таңда жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтері 109,98 млрд теңгені құрайды. Ал Ұлттық банк 26,4 трлн теңге көлеміндегі зейнетақы активтерін басқарып отыр. Бүгінде мұндай қызмет көрсетуге алты компанияның құқығы бар, алайда Halyk Global Markets Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалған келісімін тоқтатып жатыр.

Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша барлық жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсеткішінен жоғары болған. Ең жоғары табыстылықты – 7,39 пайызбен «Сентрас Секьюритиз» компаниясы көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар