$ 522.19 € 606.42 ₽ 6.47

Енді басқа картаға 500 мың теңгеден жоғары ақша аударғанда ЖСН көрсету керек болады

Абдрахманов Мағжан
07 қазан 2025 14:59 382
Енді басқа картаға 500 мың теңгеден жоғары ақша аударғанда ЖСН көрсету керек болады Сурет авторы: pixabay

Қаржы операцияларының қауіпсіздігін күшейту және ашықтығын арттыру мақсатында бірқатар жаңа шара қабылданбақ. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Бижановтың айтуынша, енді 500 мың теңгеден жоғары сомада басқа адамның банк картасына ақша аударғанда, алушымен қатар жіберушінің де ЖСН-ін көрсету міндетті болады. Бұған дейін тек алушының ЖСН-і көрсетілетін. Сонымен қатар мұндай операцияларды мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Тағы бір жаңалық – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы бейнежазбаларды кемінде 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл талап күмәнді қаржы операцияларына қатысы бар тұлғаларды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, клиенттерді бет-әлпеті немесе саусақ ізі арқылы танитын биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл шаралар анонимді аударымдардың жолын кесіп, банктік жүйенің көлеңкелі мақсатта қолданылу қаупін азайтады», – деді Қайрат Бижанов.

Соңғы жаңалықтар