$ 485.55 € 563.38 ₽ 6.81

Елімізде бет-аузын тұмшалағаны үшін қанша адам жауапкершілікке тартылды?

Абдрахманов Мағжан
28 мамыр 2026, 10:34
Елімізде бет-аузын тұмшалағаны үшін қанша адам жауапкершілікке тартылды? Сурет авторы: AFP 2023/Adek Berry

Елімізде бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін 1179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық порталы хабарлады.

Тыйым “Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы” заңның 75-бабының 3-тармағында қарастырылған. Заңға сәйкес, адамның жүзін тануды қиындататын немесе мүмкін емес ететін киім кию құқық бұзушылық болып саналады.

Алайда бұл талап барлық жағдайға бірдей қолданылмайды. Ауа райына байланысты, медициналық себеппен, қызметтік міндетін атқару кезінде немесе спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқанда бет-жүзді жабуға рұқсат етіледі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына сәйкес, мұндай талапты алғаш рет бұзған азаматқа ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде заң қайта бұзылса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл тыйым қандай да бір діни көзқарасты немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілгенін мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар