$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Елімізде «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді – Тоқаев

Редакция
07 мамыр 2025 04:45 2246
Елімізде «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді – Тоқаев Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде өткізілетін іс-шаралар жайлы мәлімдеді. Президент бұл мерекеге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

«Еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған “Батырларға тағзым” атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді», – деді Тоқаев.

Ол жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін ұмытпау маңызды екенін айтты.

«Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды», – деді Президент.

Тоқаев сондай-ақ еліміздің сыртқы саясаты ұлттық мүддені қорғауға бағытталғанын айтып, қазақ халқының бейбітсүйгіш қасиетін ерекше атап өтті.

«Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. “Жаным – арымның садағасы” деген өр намысты, айбарлы ел», – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар