$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Электросамокат тебушілердің назарына: Бүгіннен бастап жаңа ережелер күшіне енді

Абдрахманов Мағжан
01 шілде 2026, 10:17
Электросамокат тебушілердің назарына: Бүгіннен бастап жаңа ережелер күшіне енді Сурет авторы: Freepik

Қазақстанда бүгіннен бастап электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Жаңа ережеге сәйкес, жалға берілетін әрбір электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Соның арқасында бейнебақылау камералары жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін тіркеп, құқық бұзған самокат тебушіні анықтай алады. Сонымен қатар электрсамокат пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болады.

Енді кикшеринг қызметін көрсететін компаниялар самокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, жекелеген аумақтарда жылдамдықты шектеуге, ретсіз тұраққа қоюдың алдын алуға және барлық электрсамокаттың есебін жүргізуге міндетті.

Жүргізуші куәлігі жоқ пайдаланушыларға электрсамокатпен автомобиль жолына шығуға рұқсат берілмейді. Электрсамокатпен алдымен веложолақпен немесе велосипед жолағымен жүру қажет. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Ал тротуарда жүру кезінде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

Ішкі істер министрлігі 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салынатынын еске салды. Автомобиль жолымен тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ электрсамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автомобиль жолымен жүруге болмайды.

Соңғы жаңалықтар