$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Электрлі самокатпен енді қай жерде жүруге болады: жаңа ережелер күшіне енді

Абдрахманов Мағжан
25 тамыз 2026, 09:54
Электрлі самокатпен енді қай жерде жүруге болады: жаңа ережелер күшіне енді Сурет авторы: inbusiness.kz/ ЖИ

25 тамыздан бастап Қазақстанда электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады, деп хабарлады Алматы полиция департаменті.

Электрлі самокатпен велосипед жолы немесе велосипед жолағымен жүруге болады. Олар болмаған жағдайда жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен қозғалуға рұқсат етіледі.

Жолдың жүріс бөлігіне кімдер шыға алады?

Жолдың жүріс бөлігімен электрлі самокатты тек 18 жасқа толған азаматтар жүргізе алады. Бұл жағдайда жүргізушіде кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек.

Жүріс бөлігімен жүргенде қорғаныш дулығасын кию міндетті. Қараңғы уақытта киімде немесе басқа затта жарық шағылыстыратын белгі болуы қажет.

Самокатпен жолаушы тасымалдауға бола ма?

Электрлі самокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға тыйым салынады. Яғни бір самокатқа екі немесе одан да көп адамның мінуіне болмайды.

Жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен жүріп өтуге де рұқсат жоқ. Өткелге келгенде самокаттан түсіп, оны жаяу жетектеп өту қажет.

Бұған дейін, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрлі самокаттарға тіркеу нөмірлері енгізілген. Бұл полицияға жол ережесі бұзылған немесе жол-көлік оқиғасы болған жағдайда самокат пайдаланушысын анықтауға мүмкіндік береді.

Самокаттарды жалға беретін компаниялар олардың техникалық жағдайын қадағалап, қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға міндетті.

Соңғы жаңалықтар