$ 480.72 € 548.07 ₽ 6.14

Елде бензин мен дизель тапшылығы бола ма: «ҚазМұнайГаз» басшысы жауап берді

Абдрахманов Мағжан
30 маусым 2026, 12:02
Елде бензин мен дизель тапшылығы бола ма: «ҚазМұнайГаз» басшысы жауап берді Сурет авторы: Виталий Аньков/РИА Новости

Қазақстанда бензин мен дизель отынының қоры 30 күндік тұтыну көлемінен асады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистерге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, елде негізгі мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті және қазіргі уақытта жанармай тапшылығы қаупі жоқ.

«Бүгінде мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Бензин қоры 30 күннен асады. Дизель отыны бойынша да жағдай осындай», – деді Асхат Хасенов.

Компания басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл өндірістегі қандай да бір ақауға байланысты емес, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізіліп отырған жоспарлы жөндеу.

Асхат Хасенов жөндеу басталғанға дейін зауытта қажетті мұнай өнімдерінің қоры алдын ала жиналғанын атап өтті. Сонымен қатар бұл қор өңірлерге де жөнелтіліп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты жұмысын жалғастырып жатыр және жанармай өндіруде ешқандай іркіліс жоқ.

Соңғы жаңалықтар