$ 485.4 € 550.69 ₽ 6.41

Экономика өсіп жатыр, бірақ халықтың нақты табысы неге азайды: Бектенов жауап берді

Абдрахманов Мағжан
26 маусым 2026, 16:42
Экономика өсіп жатыр, бірақ халықтың нақты табысы неге азайды: Бектенов жауап берді Сурет авторы: finratings.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенатор Сергей Карплюк Премьер-министр Олжас Бектеновтен экономикалық өсімге қарамастан халықтың нақты табысы неге төмендегенін сұрады.

Сенатордың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан экономикасы 3,2 пайызға өскен. Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, халықтың нақты табысы бір пайызға төмендеп, инфляция 20 пайыздан асқан. Осыған байланысты ол Үкіметтің қандай шаралар қабылдап жатқанын сұрады.

Олжас Бектенов Үкімет экономикалық өсімді басты мақсат емес, халықтың әл-ауқатын арттырудың құралы ретінде қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, пандемиядан кейін Қазақстан экономикасы жыл сайын шамамен бес пайыз өсіп келеді. Алайда өткен жылы жоғары инфляциялық қысым халықтың нақты табысына кері әсер еткен.

Премьер-министрдің мәліметінше, өткен жылдың ақпан айында инфляция 21,3 пайызға дейін жеткен. Қазір қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 15,9 пайызға дейін төмендеген. Үкімет жыл соңына дейін инфляция деңгейін екі есе азайтуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Бектенов кейбір салада нақты табыс өскенін айтты. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығында нақты табыс 9,3 пайызға артқан. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында өсім орта есеппен төрт пайызды, ал көлік саласында бес-он пайызды құраған.

Премьер-министр Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инфляцияны төмендету мен халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі бірлескен жоспарды іске асырып жатқанын айтты. Оның ішінде отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындарда жалақыны көтеру шаралары қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар