$ 499.83 € 581.5 ₽ 6.42

Екі күнде Таяу Шығыстан Қазақстанға 2 мыңнан астам азамат оралды

Абдрахманов Мағжан
05 наурыз 2026, 15:57
Екі күнде Таяу Шығыстан Қазақстанға 2 мыңнан астам азамат оралды Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанға Таяу Шығыс елдерінен соңғы екі күнде 2 111 азамат қайтарылды. Бұл туралы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 3 наурыздан бері Таяу Шығыс бағытынан Қазақстанға барлығы 12 рейс орындалған.

– Бүгінге жоспарланған рейстерді қоса есептегенде, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға шамамен 4 мыңға жуық азамат жеткізіледі, – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

4 наурыздан 5 наурызға қараған түні Air Astana және FlyDubai әуе компаниялары бес рейс орындап, олардың бортында 851 адам Қазақстанға жеткізілген.

5 наурызға Air Astana әуе компаниясының Жидда – Ақтау – Алматы және Жидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейсі жоспарланған. Сонымен қатар SCAT компаниясы Маскат – Алматы бағытымен екі рейс орындайды. Бұдан бөлек Air Arabia әуе компаниясының Шарджа – Алматы рейсі жоспарланған.

Комитеттің мәліметінше, осы бағыт бойынша күн соңына дейін тағы бір рейс орындалуы мүмкін.

Сонымен қатар FlyDubai әуе компаниясы Дубайдан Алматы мен Астана қалаларына рейстер орындауды жоспарлап отыр. Алайда бұл рейстердегі жолаушылар саны әзірге нақтыланбаған.

Соңғы жаңалықтар