$ 440.86 € 500.77 ₽ 5.27

Дубайдан Тель-Авивке ұшқан лайнер басып алу сигналын беріп, радардан жоғалып кетті

Редакция
30 қыркүйек 2026, 12:20
Дубайдан Тель-Авивке ұшқан лайнер басып алу сигналын беріп, радардан жоғалып кетті Сурет авторы: AP Photo / Fatima Shbair

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының Boeing 737 лайнері 30 қыркүйек күні таңертең ұшу кезінде заңсыз араласу туралы дабыл сигналын берді. Бортта 174 жолаушы, соның ішінде 27 бала болған.

Әуеге көтерілгеннен кейін 90 минут өткенде, Иордания әуе кеңістігінде экипаж халықаралық «7700» апаттық кодын, артынша ұшақты басып алу немесе күшпен басып кіруді білдіретін «7500» сигналын қосқан. Осыдан кейін лайнер шұғыл кері бұрылып, Саудия Арабиясының әуе аумағына қайта кіріп, биіктікті 15 мың футка дейін төмендеткен.

Израильдік БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, дабыл берілгеннен кейін бортпен байланыс толық үзілген. Осыған байланысты Израиль Әскери-әуе күштері әуеге екі жойғыш ұшақты көтерді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Исраэль Кац шұғыл түрде қауіпсіздік кеңесін өткізді.

Израиль полициясы өзге де күштік құрылымдармен бірлесе отырып жедел штаб құрды. Полицияның бас инспекторы Дани Леви мекеменің кез келген оқиға сценарийіне дайын екенін мәлімдеді.

Кейіннен әуе кемесінің пилоты бағытты қайтадан Израильге қарай бұрғанын хабарлаған. Алайда, апаттық сигналдың қосылуына не себеп болғаны және шынайы қауіптің бар-жоғы әлі де анықталуда.

Айта кетейік, 2026 жылғы 30 маусымда Варшавадан Тель-Авивке ұшқан LOT әуе компаниясының рейсінде де осыған ұқсас жағдай орын алған болатын. Ол кезде «7500» кодын беру салдарынан үш елдің жойғыш ұшақтары әуеге көтеріліп, кейіннен дабылдың кездейсоқ қосылып кеткені белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар