$ 455.4 € 526.99 ₽ 5.25

Дрондардан кибершабуылға дейін: Астанада әлемдік авиация ұйымының басшылары бас қосады

Редакция
02 қыркүйек 2026, 10:11
Дрондардан кибершабуылға дейін: Астанада әлемдік авиация ұйымының басшылары бас қосады Сурет авторы: Shutterstock

Кибератакалар, пилотсыз ұшу аппараттары, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен қарулы қақтығыстардың салдары азаматтық авиация қауіпсіздігіне мүлдем жаңа талаптар қоюда. Бұл түйткілді де өзекті сын-қатерлер 20–22 қазан аралығында Астана қаласында өтетін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) халықаралық жиынында басты тақырыпқа айналады.

Қазақстан өз тарихында алғаш рет ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын қабылдағалы отыр. Ауқымды диалог алаңына шетелдік авиация әкімшіліктерінің басшылары, салалық сарапшылар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері арнайы жиналады. Олардың қатарында ИКАО Кеңесінің президенті Тошиюки Онума мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар да бар.

Халықаралық жиынның басты назарында бүгінгі таңда авиация саласы бетпе-бет келіп отырған нақты қауіп-қатерлер болады. Өз кезегінде сарапшылар критикалық инфрақұрылымды қорғау, кибероқиғалардың жиілеуі, беспилотниктердің кеңінен таралуы, сондай-ақ геосаяси шиеленістер мен қарулы қақтығыстар жағдайындағы азаматтық рейстердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылайды.

Сонымен қатар жиын аясында осындай қауіп-қатерлер туралы ақпаратпен жедел алмасу тетіктерін арттыру және жағымсыз оқиғалар орын алғанға дейін тәуекелдерді алдын ала бағалау жүйесін жетілдіруге жеке блок арналады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына 95,7% сәйкес келеді. Осы жоғары көрсеткіштің арқасында еліміз әлемдік топ-20 мемлекеттің қатарына еніп, Орталық Азия өңірінде сенімді түрде көш бастап тұр.

Астанадағы кездесуге қатысушылар авиациядағы жаңа технологияларды енгізуді, кәсіби кадрларды даярлауды, қауіпсіздік жүйелерінің үздіксіз жұмысын және саланы цифрлық қатерлерге қарсы төзімді ету жолдарын қарастырады. Барлық пікірталастар GASeP Глобальды авиациялық қауіпсіздік жоспары мен ИКАО-ның USAP-CMA тұрақты мониторинг бағдарламасы аясында жүргізіледі.

Елордада өтетін бұл халықаралық жиын 2027 жылы ұйымдастырылатын Авиациялық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі ІІІ конференцияға (HLCAS/3) дайындықтың маңызды кезеңі болмақ. Жиын қорытындысы бойынша әртүрлі елдердің авиациялық билік органдары үшін жаңа қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету және болжау қиын жағдайларда тиімді жұмыс істеу бойынша нақты ұсыныстар дайындалады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар