$ 465.74 € 531.08 ₽ 5.92

Дрон шабуылдарынан кейін Қазақстанда мұнай өндірісі күрт азайды – Reuters

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2026, 18:16
Дрон шабуылдарынан кейін Қазақстанда мұнай өндірісі күрт азайды – Reuters Сурет авторы: AP

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі айлағы жабылғаннан кейін күрт төмендеді. Бұл туралы Reuters агенттігі 23 шілдеде нарық қатысушыларына сүйеніп хабарлады.

Агенттік дерегінше, өндіріс ең көп Теңіз кен орнында қысқарған. Ондағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін төмендеген. Осылайша, көрсеткіш екі еседен астам азайды.

Қазақстан бойынша мұнай мен газ конденсатын өндірудің жалпы көлемі тәулігіне 1,63 млн баррельге дейін түскен. Ал шілде айындағы орташа көрсеткіш тәулігіне 2,07 млн баррель болған.

КҚК-ның Қара теңіздегі теңіз айлағы дрон шабуылдарынан кейін жұмысын тоқтатқан. 19 шілдеде Қазақстан мұнайын тасымалдауға келген Либерия туы астындағы Asia және Маршалл аралдарының туы астындағы Nissos Ios танкерлеріне шабуыл жасалғаны хабарланды.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайының негізгі экспорт бағыты саналады. Құбыр арқылы шикізат Ресей аумағымен Новороссийск маңындағы теңіз айлағына жеткізіліп, одан әрі танкерлермен Еуропа мен өзге нарықтарға жөнелтіледі.

Консорциум құрамына Қазақстан, Ресей, АҚШ және бірқатар Еуропа елдерінің компаниялары кіреді. КҚК жүйесі арқылы қазақстандық мұнаймен қатар Ресейдің Каспий маңындағы кен орындарынан өндірілген шикізат та тасымалданады.

Қазақстанның Энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнай жөнелтудің тоқтауына және соған байланысты өндіріс көлемінің төмендеуіне қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Соңғы жаңалықтар