$ 496 € 588.01 ₽ 6.42

Диплом табыс кепілі емес: Қазақстанда жоғары білімі жоқ мамандардың жалақысы күрт өсті

Редакция
13 ақпан 2026, 09:51
Диплом табыс кепілі емес: Қазақстанда жоғары білімі жоқ мамандардың жалақысы күрт өсті Сурет авторы: Reg ru

Қазақстанның еңбек нарығында жоғары білімді талап етпейтін, бірақ практикалық дағдыға негізделген мамандықтардың беделі мен табысы артып келеді. OLX сервисі мен HeadHunter сарапшылары жүргізген талдау жұмыс берушілердің дипломнан бұрын нақты тәжірибеге басымдық бере бастағанын көрсетті.

Зерттеу нәтижесі бойынша, соңғы бір жылда жұмысшы мамандықтарының еңбекақысы айтарлықтай өскен. Соның ішінде ең жоғары табыс табатындар:

  • Тігіншілер: Орташа жалақы 610 000 теңгеге жетті;
  • Монтаждаушылар: Орташа табысы — 459 000 теңге;
  • Сантехниктер: Жалақысы бір жылда 55%-ға өсіп, 429 000 теңгені құрады;
  • Электриктер: Орташа есеппен 413 000 теңге алады;
  • Жүргізушілер: Ұсынылатын жалақы мөлшері — 379 000 теңге.

«HeadHunter Орталық Азия» маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлының айтуынша, қазіргі нарықта кандидаттың сұхбат кезінде өзін көрсете алуы мен кәсіби тәжірибесі дипломның болуынан әлдеқайда маңызды. Сауалнамаға қатысқан жұмыс берушілердің 50%-дан астамы тек тәжірибелі мамандарды қарастыратынын мәлімдеген.

Білім беру саласының сарапшысы Гүлнара Омарова бұл трендті жасанды интеллект пен қысқа мерзімді курстардың дамуымен байланыстырады. Дегенмен сарапшы Қазақстан жағдайында медицина, құқық және инженерия сияқты іргелі салаларда дипломның рөлі әлі де жоғары екенін ескертеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Электрондық еңбек биржасындағы (Enbek.kz) үміткерлердің басым бөлігі - жоғары білімді азаматтар. Түйіндеме қалдырған 231 мың адамның ішінде тек 447-сінің ғана дипломы жоқ.

Министрліктің бас сарапшысы Адина Құлбаеваның пікірінше, техникалық жұмыс түрлерінде нақты біліктілік бірінші орынға шыққанымен, жоғары білімнің болуы көптеген компанияларда жалақыға қосымша үстемеақы алуға мүмкіндік беретін фактор ретінде қала береді.

Соңғы жаңалықтар