$ 456.89 € 531.36 ₽ 5.32

Депутат Қазақстанда жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қоюды ұсынды

Редакция
10 қыркүйек 2026, 11:20
Депутат Қазақстанда жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қоюды ұсынды Сурет авторы: кадр бейнежазбадан

Қазақстанда балалардың цифрлық ортаға тым ерте әрі бақылаусыз тартылуы мәселесі ресми деңгейде қайта көтерілді. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов елімізде 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерде тіркелуін заң жүзінде шектеу бастамасын алға тартып, Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдады.

Халықаралық ұйымдардың статистикасы бұл мәселенің шекті деңгейге жеткенін айқын көрсетеді. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда 9–10 жастағы балалардың 60 пайызында, ал 11–12 жастағылардың 66 пайызында жеке аккаунт бар. Еліміздегі балалардың 88 пайызы жеке смартфон ұстап, TikTok, YouTube және Instagram сияқты танымал платформаларды еркін пайдаланады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жасөспірімдердің 11 пайызы цифрлық кеңістікті проблемалық, яғни тәуелділік деңгейінде тұтынатыны анықталған.

Қордаланған мәселені реттеу мақсатында депутат Үкіметтің алдына төрт негізгі талап қойды:

  • 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектейтін нақты заңнамалық және техникалық тетіктерді әзірлеу;

  • Кәмелетке толмағандардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету;

  • Мектеп бағдарламаларына цифрлық гигиена мен медиасауаттылық сабақтарын жүйелі түрде енгізу;

  • Әлеуметтік платформалардың жасөспірімдердің денсаулығы мен оқу үлгеріміне тигізетін әсерін бағалайтын ұлттық мониторинг жүйесін құру.

Заңнамада белгіленген тәртіп бойынша Үкімет аталған депутаттық сауалға бір ай ішінде ресми түрде жауап қайтаруы тиіс.

Соңғы жаңалықтар