$ 487.17 € 565.65 ₽ 6.72

Депутат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолындағы жылдамдық режимін қайта қарауды талап етті

Редакция
17 маусым 2026, 12:38
Депутат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолындағы жылдамдық режимін қайта қарауды талап етті Сурет авторы: КазТаг

Парламент депутаты Б. Нажметдинұлы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Н. Нәліпбаевқа депутаттық сауал жолдап, республикалық маңызы бар автожолдардағы жылдамдық шектеулерінің негізділігіне қатысты мәселе көтерді. Депутат халықаралық талаптарға сай салынған, қарсы бағыттағы қозғалысы бөлінген және жол қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген магистральдарда жылдамдықты негізсіз төмендету жүргізушілерге қолайсыздық тудырып, айыппұл жүктемесін арттырып жатқанын атап өтті.

Сауалда әсіресе елді мекендерге жақын орналасқан, бірақ жаяу жүргіншілердің шығуына мүмкіндігі жоқ қоршалған учаскелерде 60 км/сағаттық жылдамдық шектеуінің сақталуы түсініксіз екені айтылған. Сонымен қатар, депутат жол санаты бірдей болғанымен, әр өңірде жылдамдық режиміне әртүрлі талаптар қойылатынына назар аударды: кейбір облыстарда рұқсат етілген жылдамдық 120-140 км/сағатқа дейін жетсе, Түркістан мен Шымкент өңірлерінде көрсеткіштер әлдеқайда төмен. Депутат бұл жағдайдың логикалық және нормативтік негіздемесін талап етеді.

Депутат келесідей шараларды қолға алуды ұсынады:

1. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар жолдардағы қолданыстағы жылдамдық режимдеріне жан-жақты ревизия жүргізу;

2. Қауіпсіздік талаптары сақталған қоршалған учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыру;

3. Елді мекендер маңындағы шектеулердің негізділігіне талдау жасау;

4. Республикалық жолдарда жылдамдық режимін белгілеудің бірыңғай критерийлерін әзірлеп, өңірлер арасындағы айырмашылықтардың себебін түсіндіру.

Б. Нажметдинұлы мемлекеттік маңызды инфрақұрылымдық жобалар халықтың уақытын үнемдеуге және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталуы тиіс екенін еске салды. Ол көтерілген мәселелер бойынша заңнамада белгіленген мерзімде жан-жақты жауап күтетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар