$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Депутат 2 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілінді

Абдрахманов Мағжан
20 қазан 2025 10:14 375
Депутат 2 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілінді Сурет авторы: gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, депутат 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр.

«Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚМА департаменті “QazConstructions” ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу мәліметінше, компания өкілдері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жеті ауданда 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған. Күдіктілердің қатарында аталған серіктестіктің бұрынғы директор орынбасары бар, ол – Күршім аудандық мәслихатының депутаты», – делінген агенттік хабарламасында.

ҚМА-ның мәліметінше, бұл жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған еді. Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылды ауыз сумен қамтуға арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.

Жалпы жымқырылған қаржы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Қаражат аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен тапқан табысына сатып алынған Астанадағы элиталы пәтерлерге, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктеріне, сондай-ақ сирек тұқымды жылқыларға сот санкциясымен тыйым салынды.

Қазір екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар